Бүгін мектебімізде республикалық жарыстардан жүлдемен оралған және жолдама алған оқушылардың арасында сөз сайысы болды. Жарыс жақсы деңгейде, тартысты өтті.
Әуелі «Жыл шешені» байқауында жұп болған Ақназ бен Аяулым тағы да жұп болды. Мен мұны бір жақсылыққа балаған едім. Олар батырлар жыры туралы тақырыпта сайысты. Екінші айналым берілген тақырыпты ашу еді. Бұл кезең нағыз суырып салмалықты, ой ұшқырлығын сынайтын кезең. Маған бұл кезеңнің сұрақтары қатты ұнады. Екінші жұп боп V республикалық «Іші - алтын, сырты - күміс сөз жақсысы…» байқауының бас жүлде иегері Әмина мен сайыскер Әселді жеребеміз жұп қылыпты. Одан кейін Әминамен бірге бас жүлде алған Айсымбат пен «Жарқын болашақ» байқауына жолдама алып, жарқын болашағына ұмтылған Болат адалдық тақырыбында сайысты және тақырыпты жақсы аша алды. Сайысты бір сыныптың екі бірдей аруы Гүлшат пен Нұрайым түйіндеді.
Бұл сайыстың ерекшелігі, қатысушылардың бір-бірін жалғап әкеткені, шешендік сайыс емес құрбылардың пікір алмасуын көргендей болдық. Бұл сайыста қос әпкеміздің тәжірибесінің молдығын, сахнаға үйреніп, сөзге төселіп қалғанын байқадым.
Кезек марапаттауға келді. Барлығы толқуда. Мен де құрбыларым үшін тақымымды қысып отырмын. Ағай келіп, сайыс жайлы ойларын айтты. Сайыстың нәтижесін айтпас бұрын ағай өз ұсынысын айтты. Өткен жылы елімізде су тасқыны болып, халық қиналып жатқан сәтте, біз де көмек қолын созайық деп шешендік сайыста азын аулақ қаржы жинап, батыстағы ағайындарымызға қолдау көрсеткенбіз. Осы жолы да сол сайыстан алған сый ақыны Абайтану олимпиадасына қолдау білдіру ретінде берейік деді. Қатысушылар да жомарттықтарын көрсетіп,мақұл көріп, сол жерде күліп тұрып, қаржыны қолдауға берді. Кейін байқау нәтижесін айтты. 3-орынмен Әсел, Ақназ және Әмина марапатталды. Ал 2-орынды Болат пен Аяулым алса, 1-орынды Гүлшат пен Айсымбат алды. Бас жүлдені Нұрайым қанжығалады. Сайыс біткен соң мектеп түлектері Аяулым әпке мен Ақерке әпкелердің жылы сөзімен жанымызды қуантып, қолдауларын естіп марқайып қайттық.
Нұрқаным Жарқынбекқызы, “Ділмар” үйірмесінің мүшесі